Алматыда Наурыз мейрамы аясында Тазару күніне орай жалпықалалық сенбілік өтті. Экологиялық акцияға қала әкімі Дархан Сатыбалды қатысты.
Негізгі іс-шаралар 23 наурыз Наурызбай ауданында — Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты маңындағы скверде өтті. Қала әкімі тұрғындармен бірге аумақты көркейту жұмыстарына қатысты.
Әкімнің айтуынша, бұл бастама Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында қолға алынғанын атап өтті. Шаһар басшысы бұл науқан игі дәстүрге айналғанын жеткізді.
«Таза Қазақстан» арқылы біз жастарға үлгі көрсетіп, тазалық мәдениетін қалыптастырамыз. Президенттің бастамасымен бұл бағдарлама еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылып жатыр. Бұл тек ауланы таза ұстау емес, жалпы мәдениет деңгейін өзгерту», — деді Дархан Сатыбалды.
Жалпықалалық сенбілік Алматының барлық ауданын қамтып, 24 орын өтті. Акцияға 10 мыңнан астам адам қатысып, 2 035 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.
Сенбілікте 2 мың текше метрден астам қоқыс шығарылып, 2 010 ағаш пен бұта егілді. Сонымен қатар, аулалар, қоғамдық кеңістіктер, арық желілері және іргелес аумақтар тазартылды.
Тазалық және көріктендіру жұмыстары Алатау ауданында — Саялы шағынауданында, Алмалы ауданында — Ганди саябағында, Әуезов ауданында — Ақсай-1А шағынауданында және Сайран көлі аумағында, Бостандық ауданында — Үлкен Алматы өзенінің жағалауында, Жетісу ауданында — Жангелдин скверінде, Медеу ауданында — Есентай өзені бойында, Түрксіб ауданында — Қайрат шағынауданында жүргізілді.
Іс-шараға қала тұрғындары, еріктілер мен жастар белсенді қатысты.
Тазару күні — Наурызнама онкүндігін қорытындылайтын күн. Ол экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға және қалалық ортаны дамытуға бағытталған.