Алматы әкімі OpenAI компаниясымен жасанды интеллект пен қаланы цифрлық трансформациялау мәселесін талқылады

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды OpenAI компаниясының өкілдерімен кездесіп, жасанды интеллект, білім беру жүйесін цифрландыру, маман даярлау және қаланың технологиялық экожүйесін дамыту бағытындағы серіктестік мүмкіндіктерін талқылады, - деп хабарлайды alnews. 

OpenAI делегациясының құрамында компанияның Еуропа, Таяу Шығыс және Африка өңірлері бойынша білім беру бағытының жетекшісі Карлотта Ревильо, «Елдерге арналған білім беру» халықаралық бағытының жетекшісі Валери Фокке, EMEA және APAC өңірлеріндегі білім беру және мемлекеттік сектор бойынша Solutions Engineering бағытының жетекшісі Шаиг Абдурагимов, «Экономикалық ықпал және өзара іс-қимыл» бағытының жетекшісі Рейчел Браун, Silkroad Innovation Hub бас директоры Әсет Әбдуәлиев және Bilim Group компаниясының ChatGPT Edu жобасының жетекшісі Мағжан Аманғазы болды.

Кездесу барысында Дархан Сатыбалды Алматының еліміздегі ең ірі технологиялық әрі білім беру орталығы екенін атап өтті. Оның айтуынша, қалада жетекші жоғары оқу орындары, ғылыми ұйымдар, технологиялық компаниялар мен стартаптар шоғырланған. Сондай-ақ, қала цифрлық экономиканы жүйелі түрде дамытып, әлемдік озық технологияны тартуға мүдделі екені айтылды.

Тараптар Қазақстандағы ChatGPT Edu жобасын іске асыру мәселесіне ерекше назар аударды. Бүгінде Алматы бұл платформаны білім беру ұйымдарына енгізу бойынша көшбасшы қалалардың бірі саналады. Жобаға қазірдің өзінде 500-ден астам білім беру ұйымы қосылып, белсендірілген лицензиялар саны 5 мыңнан асты.

Кездесуге қатысушылар жасанды интеллект технологиясын білім беру үдерісінде, педагогтерді даярлау мен олардың біліктілігін арттыруда, ғылыми зерттеулер жүргізуде және мемлекеттік басқару тиімділігін күшейтуде қолданудың жаңа мүмкіндіктерін талқылады.

Сонымен қатар Алматыдағы жасанды интеллект экожүйесін дамыту мәселесі сөз болды. Дархан Сатыбалды жалпы аумағы 75 мың шаршы метрден асатын Almaty AI Park жобасын жүзеге асыру жоспарымен бөлісті. Жобаның алғашқы кезеңінде технологиялық компанияларды, стартаптарды, зерттеу орталықтары мен білім беру ұйымдарын біріктіретін Almaty AI Hub іске қосылады.

Бұған қоса, бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу бағдарламаларын әзірлеу, AI-зертханаларын ашу, хакатондар өткізу, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің, оқытушылар мен студенттердің біліктілігін арттыру бағдарламаларын іске асыру мүмкіндіктері қарастырылды. Сонымен бірге стартаптарды қолдау және жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді қалалық экономиканың түрлі салаларына енгізу жайы талқыланды.

Кездесу соңында тараптар жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендерін растады.

OpenAI өкілдерінің сапары Қазақстанның білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологиясын енгізуге бағытталған ұлттық жоба аясында жүзеге асуда. Аталған бастама аясында еліміз бойынша 165 мың педагог ChatGPT Edu платформасына қол жеткізеді.

Алдыңғы
Первый цифровой ЦОН Smart Point в области Улытау — новый цифровой формат получения государственных услуг
Келесі
Аким Алматы обсудил с OpenAI развитие искусственного интеллекта и цифровой трансформации города

Соңғы жаңалықтар:

Іздеу