Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Үлкен Алматы көлі маңындағы туристік инфрақұрылымды дамыту жобаларымен танысты

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында Үлкен Алматы көлі (ҮАК) маңындағы туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобалармен танысты, - деп хабарлайды alnews.

Сапар кезінде қала басшысына «Алматы – Космостанция» автожолын, сондай-ақ «Алма-Арасан» шипажайына апаратын кіреберіс жолды күрделі жөндеу жобасы таныстырылды. Жоба аясында ұзындығы 26,5 шақырым жол толық жаңартылып, автотұрақ салынады. Бұл көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, аталған аумақтағы көлік жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар әкімге Үлкен Алматы көліне апаратын аспалы жол станциясының тұжырымдамасы көрсетілді. Жоба экологиялық таза көлік түрін дамытуға, шаһардың ең танымал туристік орындарының біріне қолжетімділікті арттыруға және табиғи аумаққа түсетін антропогендік жүктемені азайтуға бағытталған.

Сапар барысында Үлкен Алматы көліне апаратын жүргіншілер соқпағын көркейту жобасына да ерекше назар аударылды. Дархан Сатыбалды маршрут бойымен жүріп өтіп, құрылыс-монтаж жұмыстары басталған учаскені аралап көрді.

Жоба аясында ұзындығы 5,3 шақырым болатын заманауи туристік соқпақ салынады. Онда келушілердің қауіпсіз әрі жайлы қозғалысы үшін барлық қажетті инфрақұрылым қарастырылады. Маршрут бойына бағыттаушы белгілер мен ақпараттық стендтер орнатылып, демалыс орындары, шолу алаңдары, фотоаймақ, күрделі учаскелерде баспалдақтар мен өткелдер, сондай-ақ шағын сәулеттік нысандар орнатылады.

Жобаны жүзеге асыру туристер легін реттеуге, маршруттың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, табиғи экожүйеге түсетін салмақты азайтуға және Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында заманауи туристік инфрақұрылым құруға мүмкіндік береді.

Жұмыс сапарының соңында Алматы әкімі барлық жобаны сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, экологиялық талаптардың қатаң сақталуы, табиғи ландшафттың бұзылмауы және туристік инфрақұрылымды дамыту барысында қауіпсіздік пен табиғи мұраны сақтау басты басымдық болуы керектігін атап өтті.

Алдыңғы
В Алматы стартовал IV Международный фестиваль циркового искусства
Келесі
Аким Алматы Дархан Сатыбалды ознакомился с проектами развития туристической инфраструктуры в районе БАО

Соңғы жаңалықтар:

Іздеу