Columbus -3℃
  • 529.7
  • 551
  • 5.15

Ақ үйдің алдағы ұстанымы: Трамп маңына кімдерді топтастырып жатыр?

Ақ үйдің алдағы ұстанымы: Трамп маңына кімдерді топтастырып жатыр? Фото: TUOI TRE

Қараша мен қаңтар айының арасында жаһандық геосаяси алаң болжаусыз күй кешетіндей. Себебі, осы аралықта Құрама Штаттардың билігі демократтардан республикашылдарға біртіндеп өтпек. АҚШ-тың сайланған президенті Дональд Трамп жаңа командасын іріктей бастады. Оның алдағы төрт жылда жүргізгелі отырған ішкі-сыртқы саясаты ол таңдаған үкімет мүшелері, кеңесшілерімен тікелей байланысты. Әрі жаңа үкімет құрамы ендігі  басымдық беретін бағыттарын айқындап бере алады. Сол себепті өзге ел сарапшылары мен саясаткерлері Вашингтондағы жаңалықтарға жіті назар салады. Бұл тақырып біздің оқырман үшін де қызықты деп ойлаймыз, өйткені құбылмалы жаһандық жағдай біздің елге де өз әсерін беріп жатқаны ел азаматтарына түсінікті жайт.

Трамптың «артқы ауласы»

Вашингтонның саяси ортасы үкімет құрамын «Президенттің артқы ауласы» деген бей ресми атаумен атайтыны бар. Олай болса Трамптың артқы ауласында кідмер жүр? Ақ үйге қайта оралған ол өзінің жаңа үкіметінің құрамына өңшең танымал тұлғаларды тартып жатқандай көрінеді. Қатарында әлемге танымал миллиардер Илон Масктен тартып, әйгілі Джон Кенеди шаңырағынан да белгілі тұлғалар бар.  Тіпті басы дауда жүрген саясаткерлер мен танымал адамдарды да Трамп маңызды мемлекеттік жұмысқа тартып жатыр.   Трамп өзінің командасын «Американы құтқару компаниясы» деп атағанды жақсы көреді. Сайлауалды мәлімдемелерінде ол жүйені жаңартуды уәде қылғаны бар. Егер оның таныстырып жатқан жаңа командасына назар салсақ, бұл уәдесіне шындап кіріскенін байқаймыз.

Трамп «Ұлы Илон Маск» деп атаған миллиардер Вивек Рамасвамимен бірге үкіметтің Эффективті департаментіне жетекшілік етпек. Рамасвами бұған дейін де мемлекеттік қызметтерде болған және мемлекеттік мекемелердің санын қысқартуды жақтайтын тұлға. Америкалқы басылымдар оны ұстанымға берік, қатал менеджер деп  бағалағаны бар екен. Бірер күн бұрын «Вашингтон Таймс» Маск пен Рамасвамидің келуімен елдегі федералдық агенттіктерге қатысты ережелердің өзгерістерге ұшырайтынын, көптеген мемлекеттік мекемелер біріктірілуі немесе түбегейлі алынып тасталуы ықтимал деген мәлімет те берді.

Жаңа үкімет құрамын жариялау кезінде де Трамп жұртты таңқалдырудан танған жоқ. Амия ардагері, бұған дейін Fox News арнасында жүргізуші болып келген Пит Хегсетті Трамп Пентагон жетекшісі ретінде ұсынды. Хегсет Ирак соғысында әскери қызмет атқарған, әрі қазіргі әскери құрылымды өзгертуді қалайтын тұлғалардың бірі.

Ал өзінің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі етіп Флорида штатынан сенатор Майкл Вальцты таңдайтынын мәлімдеді. Трамп атағанның бәрі бұл қызметке тағайындалуы екіталай, Пентагон мен Орталық Барлау басқармасы сынды стратегиялық маңызды қызметтердің жетекшілері Сенаттың мақұлдауынан өтеді. Бірақ, Ақ үйдің кеңесшілерін президенттің өзі таңдау құқығы бар. Демек, 50 жастағы Майкл Вальцті алдағы уақытта Ақ үйдің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі деп атай беруге болады.

Кенже Кеннеди де Трамппен бірге

АҚШ Денсаулық сақтау департаментін басқаруға ұсынылған кенже Кеннеди Трамп командасындағы таласты тұлғалардың бірі. Демократтарды жақтаушы әулеттен Кенже Роберт Кеннеди әуелде тәуелсіз үміткер ретінде сайлауға түсетінін жариялаған. Кейіннен кандидатурасынан бас тартып, өз жақтаушыларын Трампты қолдап дауыс беруге шақырған. Тіпті ол өз әулеті жанын салып қорғаған Демократиялық партияны сынап мәлімдемеде жасаған еді. «Бүгінгі Демократиялық партия, ол – ЦРУ-дың партиясы... Бұл Уолл Стриттің партиясы, бұл Камала Хариске 50 миллион доллар берген Билл Гейтстің партиясы.   Ол тек соғыстың партиясы» деген қатқыл сөздері көптеген сайлаушыларға әсер еткені бар.

Трамп Кенже Роберт Кеннедиді Денсаулық сақтау тармағына шақыра отырып, бұл салада бірқатар өзгерістерді жасағысы келеді деп санайтын сарапшылар көп. Дегенмен, экологиялық белсенді және заңгер ретінде танылған Кенже Робберт Кеннеди коронавирус пандемиясы кезінде вакцинаға қарсы үгіт-насихат жүргізгені бар. Ол вакцинация адамдарға зиянды деген ұстанымдағы теорияны жақтап, сол үшін соттасқан. Ал оның Денсаулық сақтау департаментіне басшылық етуіне наразылықтар қазір де байқалады.

Трамптың Бас прокурорлыққа ұсынған  үміткері де осыған деңгейлес талас тудырған.  Мэтт Гаэтц осыдан бірер жыл бұрын секусалдық мақсатта жас балаларды сату ісі бойыншы басы дауда қалып, тергеуге алынған адам. Оның елдегі ең жоғары бақылаушы билік тармағына басшылық етуін Демократтардың ақпарат құралдары сынның астына алуда. Оған қоса ұлттық барлау агенттігінің директоры ретінде бұрынғы Демократиялық конгрессмен Тулси Габбард өзінің бұрынғы әріптестері жағынан сынға ұшырауда.

«Трамп кек ала ма»?

Жаңа үкіметтің құрамы толық бекітілген жоқ, қазір аталып жатқан адамдардың бірқатары Сенат жағынан кері қайтарылуы мүмкін. 2017 жылы да мұндай жағдай болған. Тіпті кейін де Трамп өз командасындағы адамдармен жиі пікір қайшылығына келіп, Мемлекеттік департамент пен Пентагон басшысын қызметтен кетіргені бар. Тиллерсон мен Мэттис сынды ардагер саясаткерлер Трампты «ұшқары» деп айыптағаны және есімізде. Осындай ситуациялар кезінде «Трамптың артқы ауласынан өрт шықты» деген тақырыптағы жаңалықтардың көптеп шыққан болатын. Алдағы уақытта да бұндай жайттерге куә боласымызға кім кепіл.

Ал Демократтар тарабы Трампты «Кек алуға батыл кірісті» деп сынап жатыр. Сайлау науқаны кезінде ол үкіметтегі сыбайлас жемқорлықты жоюға, цензурамен күресуге және өзін нысанаға алған «іштегі жаулардан» кек аламын деп уәде бергені бар. Осы сөзіне сілтеме жасаған New York Times басылымы өткен жексенбіде «Сайланған президент ретінде Трамп жүйелі, жылдам әрі жоғары профильді түрде бірқатар таңдау жасады. Өзі айтқандай ол мемлекеттік басқару жүйесін ел мүддесі үшін емес өз мүддесіне жұмыс істетуге ауыстыруды көздеп отыр», – деп жазды. Осы ақпараттық алаңдағы қызу температурадан да алдағы төрт жылда АҚШ саясаты түрлі тосын істерге толы болады деп ұғынсақ болатындай.

 


Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0

Пікіріңізге рахмет

Сіз баға бергенсіз!