Алматылық Ұлы Отан соғысының ардагері, майдангер-медбике Екатерина Александровна Баранова 101 жасқа толды, - деп хабарлайды alnews.
Ардагерді туған күнімен құттықтауға Алмалы ауданы әкімдігінің өкілдері, әскери бөлімнің жеке құрамы, Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, сондай-ақ қалалық және аудандық ардагерлер кеңесінің өкілдері келді.
Екатерина Александровна 1925 жылы 29 маусымда дүниеге келген. 1943 жылдың мамырынан 1945 жылдың желтоқсанына дейін 1-Украина майданында қызмет атқарып, сұрыптау госпиталінде медбике болып жараланған жауынгерлерге көмек көрсетті.
Соғыс жылдарындағы ерлігі мен жанқиярлығы үшін ол II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және бірқатар жауынгерлік медальмен марапатталған. Жеңістен кейін Министрлер Кеңесінің ауруханасында 39 жылдан астам уақыт еңбек етіп, бар ғұмырын медицина саласына арнады.
Кездесу барысында қонақтар Екатерина Александровнаға Жеңіске қосқан үлесі мен көп жылғы адал еңбегі үшін алғыс айтып, зор денсаулық, амандық және ұзақ ғұмыр тіледі.
Өз кезегінде ардагер көрсетілген құрмет пен ыстық ықылас үшін алғыс білдіріп, өмірдегі басты ұстанымы адамдарға мейіріммен қарау және салауатты өмір салтын ұстану екенін жеткізді.