Алматыда Асылбек Ізбаировтың жаңа кітабы таныстырылды
11 тамызда Алматыдағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында тарих ғылымдарының докторы, «Нұр-Мүбарак» университетінің профессоры, Геосаяси зерттеулер институтының директоры Асылбек Ізбаировтың «Зайырлы мемлекет, постсекулярлы қоғам және қазақ Әдебі – Қазақстанның жаңа ұлттық бірегейлігінің негізі ретінде» атты кітабының таныстырылымы өтті.
Іс-шара барысында ұлттық бірегейлік, қоғамдық шоғырлану, рухани егемендік, зайырлылық және қоғамдық әдеп мәселелері талқыланды. Кездесуге ғылыми және сарапшылық қоғамдастық өкілдері, қоғам қайраткерлері, журналистер, оқытушылар, студенттер және қоғамдық даму мәселелеріне қызығушылық танытқан азаматтар қатысты.
Іс-шараны «Деловая неделя» газетінің бас редакторы Махамбет Әуезов ашты.
Кітапты автор Асылбек Ізбаиров таныстырып, еңбектің негізгі бағыттары туралы айтып берді. Зерттеуде зайырлы және діни құндылықтардың арақатынасы, постсекулярлы қоғам тұжырымдамасы және ұлттық бірегейлікті қалыптастыру мәселелері қарастырылған.
Автор сондай-ақ қазақ Әдебі ұғымының қазіргі қоғамдағы орнына тоқталды. Кітапта Әдеп ұлттық мәдениеттің құрамдас бөлігі және қоғамдық қарым-қатынастарды реттейтін мәдени-этикалық құндылық ретінде қарастырылады.
Зерттеуде қоғамдық келісім, ұлттық сана, рухани құндылықтар, мәдени сабақтастық және зайырлы мемлекет қағидаттары да қамтылған. Автор бұл мәселелерді Қазақстандағы ұлттық бірегейліктің қалыптасу үдерісімен байланыстырады.
Таныстырылым барысында кітаптың Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының қорына тапсырылу рәсімі өтті.
Іс-шарада «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев және «Либерти» қоғамдық қорының директоры Ғалым Агелуев сөз сөйлеп, кітапта көтерілген тақырыптарға қатысты пікірлерін білдірді.
Кездесудің соңында сұрақ-жауап бөлімі өтіп, қатысушылар ұлттық бірегейлік, зайырлы қоғам, рухани құндылықтар және қоғамдық әдеп мәселелері бойынша пікір алмасты.
Таныстырылым соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, автордан кітапқа қолтаңба алды.