Алматы туристік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын жалғастырып отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова мәлімдеді, - деп хабарлайды alnews.
Қалада туристерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға, көлік қолжетімділігін жақсартуға және заманауи туристік қызмет көрсету жүйесін қалыптастыруға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның негізгі бағыттарының бірі визит орталықтарды жаңғырту. Болашақта олар жай ғана ақпараттық пункт емес, туристерге жан-жақты қызмет көрсететін толыққанды орталықтарға айналады.
Бүгінде шаһарда Алматыны Орталық Азиядағы жетекші туристік орталықтардың бірі ретіндегі тартымдылығын арттыруға бағытталған бірнеше жоба қатар жүзеге асырылып жатыр.
Қазіргі таңда қалада туристер ең көп баратын орындарда орналасқан 8 визит орталық жұмыс істейді. Олар Омарова, Панфилов, Зенков, Байтұрсынов, Тимирязев көшелерінде, Достық даңғылында және «Медеу» биік таулы спорт кешенінің аумағында орналасқан. Мұнда келушілер қаланың көрікті жерлері, экскурсиялық бағыттар, мәдени іс-шаралар және туристік өнімдер туралы толық ақпарат ала алады.
2026 жылдың алғашқы бес айында визит орталықтардың қызметіне 3 604 адам жүгінді. Оның 2 813-і немесе шамамен 80%-ы шетелдік турист болса, 791 адам – ішкі туристер.
«Визит-орталықтарды туристер үшін заманауи әрі қолайлы етуге мүмкіндік беретін жаңа үлгіні әзірлеп жатырмыз. Бұл жұмыста әлемнің үздік тәжірибелері негізге алынды», – деді Ғалия Тоқсейітова.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, туристік инфрақұрылымды дамыту тек ақпараттық қызметпен шектелмейді. Сонымен қатар әуе қатынасын кеңейту, қонақ үй желісін дамыту, тау инфрақұрылымын көркейту және жаңа туристік нысандар салу бағытында да жүйелі жұмыстар қолға алынған. Бұл жобалардың кешенді жүзеге асырылуы Алматының халықаралық туристік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, туристер санын көбейтуге және шаһардың өңірдегі жетекші туристік орталықтардың бірі ретіндегі мәртебесін нығайтуға мүмкіндік береді.