Алматының біз білмейтін көшелері туралы «Ғашықпын саған» атты фильм көрерменге жол тартады

Ақпанның 5-нен бастап отандық кинотеатрларда режиссер Думан Еркімбек пен продюсер Жалын Тілеубергеннің «Ғашықпын саған» атты фильмі жарық көреді, - деп хабарлайды Alnews.

Фильм авторларының айтуынша, бұл заманауи әлемдегі махаббаттың орны мен адам өміріндегі рөлін қайта ой елегінен өткізіп, жаңаша бағамдауға тырысқан тың туынды.

Сюжет бойынша Алматыға арман қуып келген Еңлік тезірек байып кетіп, ауылдағы анасы мен інісін қалаға көшіріп әкелуді мақсат етеді. Әкесіз өскен қыз оқу мен жұмысты қатар алып жүріп, өмірдің ауыртпалығына қарсы тұруға тырысады. Алайда үлкен қаланың өз заңдары мен күтпеген сынақтары бар. Мыңдаған тағдыр тоғысқан қалада Еңлік әнші болуды армандайтын Арман деген жігітпен күтпеген жерден танысады. Бұл кездесу екі жастың өмірін түбегейлі өзгертеді. Еңліктің алдында екі таңдау тұр. Не отбасы үшін өз жолын құрбан етіп байлыққа қол жеткізу, не өзі үшін өмір сүріп, махаббатты таңдау. 

Бас рөлдерде қазақ киноның жас жұлдыздары – Шұғыла Ешен және Жасұлан Көпберген ойнайды. Екі актер өткен жылы хит болған Qaitadan фильмінде де бірге түскен болатын. Сонымен қатар Шұғыла Ешен «SHEKER. Соңғы мүмкіндік» фильмі үшін 2025 жылы «Сыншылар таңдауы» жүлдесінің «Екінші пландағы үздік әйел рөлі» номинациясында жеңімпаз атанған. Екінші планда танымал актерлер Әбілмансұр Серіков, Сағызбай Қарабалин, Аделина Ералиева, Ерболат Тоғызақов ойнайды.

«Бұл фильмнің идеясы бізге – жұбайым екеумізге, осыдан жеті жыл бұрын келген. Дәл қазір елімізде кино жақсы дамып жатыр, алайда махаббат жайлы фильмдер әлі де сирек. Сондықтан осы тақырыпта фильм түсіргіміз келді. «Ғашықпын саған» біздің ғана оқиға емес, бұл Алматыда танысқан миллондаған жастар, миллиондаған жұптар жайлы фильм», - дейді режиссер Думан Еркімбек.

Продюсер Жалын Тілеубергеннің айтуынша кинода Алматының әдемі жерлері көп көрсетіледі. Тіпті фильмінің алғашқы атауы – «Алматының біз білмейтін көшелері» болу керек болған екен. Айта кетсек, Жалын мен Думан өткен жылы Qaitadan атты фильмдерімен көзге түсіп, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген – 2025 жылдың қорытындысы бойынша туынды прокатта бір миллиард теңгеден астам қаражат жинады.

Сонымен бірге «Ғашықпын саған» фильмі әсем ән мен музыкаға да толы – картинаның композиторлары Олжас Далелхан («Нурикамал») мен Сұлтан Тұрсынбеков («Болмаған балалық шақ»). Мелодрамада әнші ARShAT-тың бүкіл жастарға «Қатігездеу Алматы» атымен танымал әні, dudeontheguitar-мен бірлесіп шығарған Gashyqpyn sagan өлеңдері шырқалады.

Qaitadan фильмінің авторларынан жаңа туынды – «Ғашықпын саған» мелодрамасын 5 ақпаннан бастап барлық кинотеатрлардан көрсетіледі.

Алдыңғы
Алматыда студент спортшыларға ректорлық грант берілді
Келесі
Партия ОСДП поддержала ключевые положения конституционной реформы

Соңғы жаңалықтар:

Іздеу