Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында Алматының Алатау ауданында 1988 жылы пайдалануға берілген ұзындығы шамамен 483 метр жылу құбыры жаңартылады. Бұл туралы «Алматы жылу желілері» ЖШС мамандары айтты.
Осыған байланысты 2026 жылы 8 шілдеден бастап жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілетін кезеңде Немирович-Данченко көшесінің батыс жағымен Рысқұлов даңғылынан Райымбек даңғылына дейінгі аралықта автокөлік қозғалысы ішінара шектеледі.
Бұл аумақты екі бағытта да Немирович-Данченко көшесінің шығыс жағымен айналып өтуге болады.
Уақытша шектеу жер астындағы жылу құбырын жоспарлы түрде қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін енгізіліп отыр.
Жоба аяқталғаннан кейін алдағы жылыту маусымында 14 көпқабатты тұрғын үй, 2 жеке тұрғын үй, 2 мектеп және тағы 10 нысан тұрақты жылумен қамтамасыз етіледі.
Қайта жаңғырту кезінде тұтынушыларға ыстық су беру тоқтатылмайды. Уақытша қолайсыздыққа түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз.