Алматыда Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған арнайы тележоба түсіріледі

22 қыркүйекте Алматыда Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған «Тәуелсіздіктің 35 жылдығы» арнайы тележобасының түсірілімі өтеді, - деп хабарлайды alnews.

«Айғақ» телеарнасы әзірлеп жатқан жоба аясында Тәуелсіздік монументі мен «Тәуелсіздік таңы» ескерткішінде түсірілім жүргізіліп, ғалым Асылы Османмен арнайы сұхбат ұйымдастырылады.

Тележоба Қазақстанның тәуелсіздік жолындағы тарихи кезеңдерін кеңінен танытуға, ел азаттығы мен мемлекеттің қалыптасуына үлес қосқан тұлғалардың өнегелі өмірін дәріптеуге, сондай-ақ тарихи орындарды насихаттауға бағытталған.

Алматыдағы түсірілім бағдарламасы Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументінен басталады. 1996 жылы Тәуелсіздіктің бес жылдығына орай ашылған монументтің биіктігі – 28 метр. Оның төбесінде қанатты барысты тізгіндеген Алтын адам бейнесі орналасқан.

Жоба қатысушылары Сәтбаев пен Желтоқсан көшелерінің қиылысындағы «Тәуелсіздік таңы» ескерткішіне де барады.

Бағдарлама аясында филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылы Османмен сұхбат жоспарланған. Сұхбат барысында тәуелсіздік құндылығы, мемлекеттік тіл, ұлттық сана мен тарихи жад мәселелері сөз болады.

Бұдан кейін жоба қатысушылары Кеңсай-2 зиратына барып, Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртаза, көрнекті жазушы-драматург Оралхан Бөкей, мемлекет қайраткерлері Қалық Абдуллаев пен Бердібек Сапарбаевтың рухына тағзым етпек.

«Тәуелсіздіктің 35 жылдығы» тележобасы еліміздің бірнеше өңірі мен ірі қалаларын қамтиды. Жоба авторлары тарихи орындар мен тұлғалар тағылымын көрсету арқылы тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жас ұрпаққа жеткізуді көздеп отыр.

Алдыңғы
В Алматы ко Дню города открылся двенадцатый молодежный комьюнити-центр

Соңғы жаңалықтар:

Іздеу