Алматыда Республика алаңын көріктендіру аяқталды

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Республика алаңында аяқталған көріктендіру жұмыстарының нәтижесімен танысты, - деп хабарлайды alnews.

Жұмыс сапары барысында оған қаланың басты қоғамдық кеңістіктерінің бірі – Республика алаңын қайта жаңғырту қорытындысы таныстырылып, сондай-ақ Сәтбаев көшесінің Байзақов көшесінен Луганский көшесіне дейінгі аралығын кешенді көркейту жобасының жүзеге асырылу барысы баяндалды.

Жобаның тұжырымдамасын Ұлыбританияның Лондон қаласындағы LDA Design компаниясы әзірлеген. Бұл жұмысты Алматы қаласының Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы «қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты негізінде жүргізді. 

Жобаның басты мақсаты – жүргіншілерге басымдық берілетін, заманауи, қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру. Республика алаңында көріктендірілген аумақтың жалпы көлемі 4,5 гектар.

Алаңда қоғамдық кеңістіктің жабындары толық жаңартылып, инженерлік желілер, сыртқы жарықтандыру және автоматтандырылған суару жүйесі заман талабына сай жаңғыртылды. Құрылыс барысында пайдалану мерзімі 10 жылдан заманауи, төзімді материалдар қолданылды. Бұл алдағы уақытта аумақты күтіп-ұстау шығынын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.

Көгалдандыру жұмыстары ауқымды көлемде жүргізілді. Алаңға 233 ірі ағаш, 63 мыңнан астам бұта және 17,7 мың көпжылдық өсімдік егіліп, көгалдар мен беде жамылғысы төселді. Кешкі уақытта жасыл желек сәулеттік-көркем жарықпен әрленіп, қоғамдық кеңістіктің ажарын аша түседі. Сонымен бірге, аумаққа 129 заманауи жарық шамы орнатылып, алаң толық жарықтандырылды.
 
Тұрғындардың жайлы демалысы үшін заманауи балалар ойын алаңдары, серуендеу жолдары, демалыс аймақтары және екі амфитеатр салынды. Сондай-ақ, алаңда велосипед жолақтары жасалып, олар болашақта Сәтбаев көшесі бойымен өтетін бірыңғай веложол желісінің құрамына енеді. Бұдан бөлек, орындықтар, қоқыс жәшіктері, велосипед тұрақтары, үстелдер, креслолар, ландшафтық жиһаздар, аркалар және басқа да шағын сәулет нысандарын қамтитын 500-ден астам көріктендіру элементі орнатылды.
 
Жаңартылған алаңның басты ерекшеліктерінің бірі – қоғамдық кеңістіктің жаңа ландшафтық келбетін айшықтайтын сегіз сәндік су айдыны. Бұған қоса, бұрыннан бар субұрқақтар толық жөндеуден өткізіліп, заманауи жаңа субұрқақ кешендері салынды. Олар қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналмақ.

Жоба аясында көлік және жаяу жүргінші инфрақұрылымын жетілдіруге де ерекше көңіл бөлінді. Сәтбаев көшесінде жаңа қоғамдық көлік аялдамасы пайдалануға беріліп, қаланың әкімшілік әрі іскерлік орталығына қатынау мүмкіндігі жақсарды. Сонымен қатар қосымша бағдаршамдар орнатылып, реттелетін жүргіншілер өткелдері жасалды және халықтың барлық санатына қолайлы кедергісіз орта қалыптастырылды.

Жобаны іске асыру барысында ескі жабындар алынып, жаңа инженерлік коммуникациялар тартылды, автоматты суару жүйесі, павильондарға арналған негіздер және басқа да қажетті құрылыс жұмыстары орындалды.

Жоба толық аяқталған соң Сәтбаев көшесі бойында біртұтас заманауи қоғамдық кеңістік қалыптасады. Ал жаңарған Республика алаңы Алматының ең көрікті әрі тартымды қоғамдық орындарының бірі ретінде тұрғындар мен қала қонақтарына серуендеуге, тынығуға, спортпен айналысуға, мәдени іс-шаралар мен мерекелік басқосулар өткізуге қолайлы мекен болмақ.

Алдыңғы
В Алматы пройдет ACT Creative Tech Week 2026 с участием ведущих экспертов из Республики Корея
Келесі
В Алматы завершено благоустройство площади Республики

Соңғы жаңалықтар:

Іздеу