Алматыда сәндік гүлдермен безендірілген аумақтардың жалпы көлемі 410 мың шаршы метрден асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 77%-ға көп. Біржылдық гүлдердің саны 2,7 миллионнан 4,3 миллионға дейін, ал раушан гүлдері 125 мыңнан 580 мыңға дейін артты. Бұл туралы Eco Almaty мамандары айтты.
Ең ірі гүл алқаптары Есентай өзенінің жағалауында – 20 мың шаршы метр, Сайран су қоймасы бойында – 15 мың шаршы метр және Halyk Arena маңында 7 мың шаршы метрден астам аумақта жасалды.
Қалалық аумақтарды безендіру кезінде мамандар Алматының климаттық ерекшелігін, өсімдіктердің гүлдеу мерзімін, аптап ыстыққа төзімділігін, күтім жасау талаптарын және өзара үйлесімін ескерді. Көшелерге, саябақтарға, скверлерге, жолайрықтарға және субұрқақтар маңына шырайгүл, барқытгүл, бегония, сальвия, цинерария, ақсәуле, газания, канна, катарантус және басқа да сәндік өсімдіктер егілді.
Жұмыстың ерекше бағыттарының бірі – көлемді гүл композицияларын жасау болды. «Таулы Қырат» шағынауданындағы Есентай өзенінің жағалауында биіктігі 2,5 метр болатын тауыс бейнесіндегі топиарий орнатылды. Композиция серуен аймағы бойымен 30 метрге созылып жатыр. Оның гүлден жасалған «қауырсындары» целозия, шырайгүл, цинерария және альтернантера өсімдіктерінен құралған.
Сондай-ақ мұнда тағы екі көлемді композиция – «Қар барысы» мен «Алма» орналастырылады. Биіктігі 1,8 метр, ұзындығы 4,3 метр болатын қар барысының мүсінін безендіруге 3,5 мың цинерария мен альтернантера өсімдігі пайдаланылды. Ал биіктігі 2,4 метр, ені 2,5 метр болатын гүлден жасалған «Алма» композициясы 1,5 мың шырайгүлден құрастырылды.
Есентай өзенінің жағалауында жалпы аумағы 20 мың шаршы метрді қамтитын кешенді көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Мұнда жапонгүл, қызылкүрең, сарана, флокс, көкжалбыз, вейгела, алтыншар, лаванда, қоянтамақ, талқурай, раушан, көпіршікті бұта, сондай-ақ қызғалдақ, сүмбіл және лалагүл егілді.
Сонымен қатар жағалауға 241 ұсақ жапырақты жөке, 198 Фриман үйеңкісі, 50 гинкго билоба және 25 сәндік алмұрт ағашы егілді. Серуендеуге арналған жалпы аумағы 3 650 шаршы метр экосоқпақ салынды.
Гүлден жасалған өзге арт-композициялар Шұғыла шағынауданында, «Алатау» шипажайы маңында, Сәбденов көшесінде және Абай даңғылында да орналастырылды.
Аптап ыстық күндері жасыл желек кешкі және түнгі уақытта суарылады. Қаланың жасыл аймақтарын күтіп ұстауға күн сайын 140-тан астам арнайы техника мен 400-ден астам қызметкер жұмылдырылады.