2 мыңнан астам алматылық жас жаңа Конституцияның күшіне енуіне арналған акцияларға қатысты

Алматыда Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының күшіне енуіне орай 2 мыңнан астам студентті, еріктіні, белсенді жастар мен қала тұрғындарын біріктірген жастардың патриоттық акциялары өтті, - деп хабарлайды alnews.

Іс-шараларды Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасы ұйымдастырды. 

Бағдарлама «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндері кешенінің аумағында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын салтанатты түрде көтеру рәсімімен басталды. Салтанатты рәсімге 500-ден астам алматылық жас қатысып, Мемлекеттік Әнұранды орындап, мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетті.

Басты оқиғалардың бірі жаңа Конституцияның күшіне енуіне арналған көркемдік акция болды. Іс-шара аясында биіктігі 4 метр, ені 2,5 метр болатын Конституция бейнесіндегі арт-нысан таныстырылып, Конституцияның негізгі қағидаттарын – заң үстемдігін, адам құқығын қорғауды, мүмкіндіктер теңдігін, азаматтық жауапкершілік пен қоғамдық келісімді бейнелейтін тақырыптық көрме ұйымдастырылды. Сонымен қатар қатысушылар үшін интерактивті алаңдар, шығармашылық қойылымдар және музыкалық бағдарлама ұсынылды.

Мерекелік іс-шаралардың тағы бір алаңы Қазақстан-Британ техникалық университеті болды. Мұнда 700-ге жуық студент, ерікті және қоғамдық белсенді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туларымен патриоттық флешмобқа қатысты.

Акцияға қатысқан алматылық жастар жаңа Конституцияның күшіне енуі әділеттілік, заң үстемдігі, адам құқығын құрметтеу және азаматтық жауапкершілік қағидаттарына негізделген ел дамуының жаңа кезеңін бастайтынын атап өтті.

Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының мәліметінше, ел үшін маңызды бұл тарихи оқиғаға алғашқылардың бірі болып жастар үн қатып, азаматтық ұстанымдарын заманауи қоғамдық бастамалар, шығармашылық жобалар мен патриоттық акциялар арқылы білдірді.

 

«Конституция – бұл тек құқықтық құжат қана емес, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімнің негізі, елдің одан әрі дамуының басты бағдары. Бүгін Алматы жастары өздерінің белсенді қатысуы арқылы Қазақстанның болашағына жауапкершілікпен қарайтынын, мемлекеттік құндылықтарды құрметтейтінін және әділетті, қуатты әрі өркендеген мемлекет құру ісіне белсенді атсалысуға дайын екенін көрсетті», – деп атап өтті басқарма өкілдері.

Алдыңғы
В Алматы определили победителей регионального конкурса «Лучший товар Казахстана – 2026»
Келесі
Более 2 тыс. молодых алматинцев приняли участие в акциях в честь вступления в силу новой Конституции

Соңғы жаңалықтар:

Іздеу