Шымкентте ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған жаңа жатақхана ашылды

Шымкент қаласында ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған заманауи жатақхана пайдалануға берілді. Нысан заңсыз шығарылған активтерді қайтарудан түскен қаржы есебінен салынған, деп хабарлайды alnews.

Шымкентте медициналық көрсеткіштері бойынша ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар оқитын мектеп-интернат тәрбиеленушілеріне арналған жаңа жатақхана ашылды. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұған дейін тәрбиеленушілердің жағдайы күрделі болған. 1975 жылы салынған ескі ғимаратта орын тапшылығы қатты сезілген. Норматив бойынша 125 орынға есептелген нысанда 290 бала тұрған. Сонымен қатар инфрақұрылым да әбден тозған.

 

Жаңа жатақхана 300 орынға арналған. Жалпы ауданы 8288,70 шаршы метрді құрайтын ғимарат толықтай заманауи талаптарға сай салынған. 3,5 гектар аумақта орналасқан нысан аумағында 800 шаршы метрлік футбол алаңы, воркаут аймағы, 450 шаршы метрлік ойын алаңдары және 200 шаршы метрлік демалыс орындары қарастырылған.

Ғимарат ішінде ұлдар мен қыздарға арналған бөлек тұрғын блоктар, жабдықталған медициналық бөлім, кең ойын бөлмелері және балаларға қолайлы, қауіпсіз әрі дамытушы орта қалыптастыруға арналған өзге де бөлмелер бар.

 

Берік Асыловтың мәліметінше, бұл жобаға Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Арнаулы мемлекеттік қордан 2,6 млрд теңге бөлінген. Аталған қорға заңсыз шығарылған активтерді қайтару және қайтарылған мүлікті сатудан түскен қаражат жинақталады.

Сондай-ақ Бас прокуратура қайтарылған қаражат есебінен елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту жұмыстары бүкіл ел бойынша жалғасып жатқанын атап өтті. Бүгінде шамамен 500 млрд теңгеге 440 әлеуметтік және коммуналдық нысанның құрылысы қаржыландырылған. Оның 319-ы пайдалануға берілген. Олардың қатарында мектептер, ауруханалар және сумен жабдықтау жүйелері бар.

Берік Асылов қайтарылған әрбір теңге Қазақстан азаматтарының игілігіне қызмет етуі тиіс екенін атап өтті.

Önceki
В Алматы увеличится количество современных студенческих общежитий
Sonraki
Берік Асыловтың төрағалығымен қылмыстық-атқару жүйесінде заңдылықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша алқа отырысы өтті

Son Haberler:

Arama