Алматыда Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында ұйымдастырылған «Үздік жасыл балабақша» және «Үздік жасыл колледж» қалалық байқаулары жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, - деп хабарлайды alnews.
Байқауды Алматы қаласының Білім басқармасы ұйымдастырды.
Байқаулар білім беру ұйымдарында экологиялық мәдениетті дамытуға, балалар мен жастардың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға, сондай-ақ көгалдандыру және экологиялық тәрбие саласындағы практикалық бастамаларды қолдауға бағытталған.
«Үздік жасыл балабақша» байқауына Алматы қаласының мектепке дейінгі ұйымдары қатысты. Аудандық кезеңде білім беру ұйымдары жобаларын таныстырып, үздік бастамалар қалалық кезеңге жолдама алды.
Байқау жұмыстарын бағалау кезінде аумақты көгалдандыру деңгейі, тәрбиеленушілердің қатысуымен экологиялық жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ ұсынылған бастамалардың практикалық маңызы ескерілді.
Байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындар былай бөлінді:
І орын — Алатау ауданындағы №31 бөбекжай-балабақша;
ІІ орын — Әуезов ауданындағы №186 бөбекжай-балабақша;
ІІІ орын — Медеу ауданындағы №125 бөбекжай-балабақша.
Қалалық мектепке дейінгі ресурстық орталықтың басшысы Наталья Карасеваның айтуынша, «Үздік жасыл балабақша» байқауы Алматыда алғаш рет өткізіліп, экологиялық тәрбие саласындағы практикалық тәжірибе алмасу алаңына айналды.
«Бағалау талаптары көп болды. Олардың қатарында балабақшалардың ландшафтық дизайны да, балалармен жүргізілетін экологиялық тәрбие бағытындағы жобалық жұмыстар да бар», — деді Наталья Карасева.
Байқау жеңімпаздарының бірі №31 бөбекжай-балабақша. Мұнда «Жасыл балабақша» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Экологиялық бастамаларға тәрбиеленушілермен қатар олардың ата-аналары да белсенді қатысады.
Бағдарлама аясында балалар қалдықтарды бөлек жинау қағидаларымен танысып, су мен электр энергиясын үнемді пайдалануды, өсімдіктерді күтіп-баптауды және жылыжайларда көкөніс дақылдарын өсіруді үйренеді.
«Балалар алғашқы күннен бастап экология және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жобалармен жұмыс істейді. Олар қоқысты сұрыптауды үйренеді, ал қайта пайдалануға болатын заттарды арнайы шеберханаларда қолданамыз», — деді №31 бөбекжай-балабақшаның меңгерушісі Айнұр Бахтиева.
Экологиялық тәрбиенің практикалық бөлігі бақша мен жылыжайларды суару үшін тамшылатып суару жүйесін пайдалануды қамтиды. Органикалық қалдықтар органикалық тыңайтқышқа айналдырылады. Сонымен қатар балабақша аумағында жарықтандыруға пайдаланылатын күн панельдері орнатылған.
Алматыда алғаш рет техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басын қосқан «Үздік жасыл колледж» қалалық байқауы да өткізілді.
Байқау қорытындысы бойынша:
І орын — Алматы қазақ гуманитарлық-педагогикалық колледжі №1;
ІІ орын — Алматы құрылыс-техникалық колледжі;
ІІІ орын — Алматы телекоммуникация және машина жасау колледжі.
Алматы қазақ гуманитарлық-педагогикалық колледжі №1-де байқау аясында «Эко-кампус», «Жасыл кеңістік» және «Экологиялық мәдениет» жобалары жүзеге асырылды. Студенттер мен оқытушылар аумақты көгалдандыруға, ағаш егуге және «Ұстаздар аллеясын» құруға атсалысты. Экологиялық бастамаға колледж түлектері де қосылды.
Екі қалалық байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері Алматы қаласы Білім басқармасының дипломдарымен марапатталды.