Алматының Алатау ауданындағы Рахат-Мәдениет шағынауданында инженерлік және жол инфрақұрылымын кешенді жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр, - деп хабарлайды alnews.
Жоба аясында жол салынып, сумен жабдықтау және кәріз желілері тартылып, электр желілері қайта жаңғыртылуда. Негізгі жұмыс аяқталған соң 15 мыңнан астам тұрғынның тұрмыс жағдайы жақсарады.
Қазір шағынауданда жалпы ұзындығы 36,4 шақырым болатын 107 топырақ жолға жаңа жол салынды. Бірқатар көшеде орташа жөндеу жұмыстары да жүргізілді. Биылғы жоспарға енбеген учаскелердегі жұмыс келесі жылы кезең-кезеңімен жалғасады. Ал әзірге кейбір көшелерге көлік қатынасын жақсарту үшін уақытша инертті материалдар төселді.
Сонымен қатар сумен жабдықтау және кәріз желілерін тарту жұмыстары қолға алынған. Бүгінге дейін 130,7 шақырым инженерлік желі тартылып, қосымша 49 шақырымға жуық коммуникация салынды. Жобаның орындалу деңгейі – 99%. Жұмыс аяқталғаннан кейін 15 мыңнан астам тұрғын орталықтандырылған су жүйесі мен кәріз желісіне қосыла алады.
Алматының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының тапсырысы бойынша электр желілері де қайта жаңғыртылып жатыр. Шағынауданның бір бөлігі жаңартылған электр желілеріне қосылды. Қалған учаскелердегі жұмыстар келесі жылы жалғасады.
Шағынаудан тұрғындары да оң өзгерістерді байқап отыр.
«Жолды өте жақсы жасап берді, көңіліміз толады. Асфальты шынымен сапалы, кең әрі жақсы төселген. Өткен жылмен салыстырғанда қазір жағдайымыз әлдеқайда жақсы. Көшеде жарық бар, кәріз жүйесі де тартылды, енді орталық желіге қосылып жатырмыз», – дейді шағынаудан тұрғыны.
Инфрақұрылымды кешенді дамыту бұрыннан қордаланған коммуналдық мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге, жол сапасын жақсартуға және шағынауданда тұруға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.