Алматыдан 11 оқушы ЖИ жөніндегі халықаралық конференцияға қатысу үшін Кремний алқабына аттанды

AI Talents Almaty білім беру жобасының жеңімпаздары халықаралық технологиялық алаңда Қазақстан атынан өнер көрсету, жасанды интеллект жөніндегі конференцияға қатысу және осы саладағы әлемдік әзірлемелермен танысу үшін АҚШ-қа аттанды, - деп хабарлайды alnews.

AI Talents Almaty – оқушыларға бағдарламалау мен жасанды интеллект негіздерін үйретуге бағытталған білім беру жобасы. Бағдарлама Алматы қаласының Цифрландыру басқармасының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Оған IT саласында бұрын тәжірибесі болмаған балалар да қатыса алады.

Оқу бағдарламалау негізінен басталып, біртіндеп қосымша, цифрлық сервис пен жасанды интеллект агенттерін әзірлеуге ұласады. Оқушылар кәсіби менторлардың жетекшілігімен заманауи құралдарды меңгеріп, үдерістерді автоматтандыруды және нақты міндеттерді шешуге арналған технологиялық шешімдер әзірлеуді үйренеді.

 

«Бағдарлама тәжірибелік оқытуға негізделген. Оқушылар бағдарламалау негіздерін меңгеріп, жасанды интеллект құралдарын қолдануды, цифрлық өнімдер әзірлеуді және өзінің жасанды интеллект агенттерін жасауды үйренеді. Қатысушыларға кәсіби менторлар мен IT индустриясының сарапшылары көмектеседі. Ал алған білімін хакатондарда және жоба әзірлеу барысында қолданады», – деді Алматы қаласы Цифрландыру басқармасының басшысы Нұрқанат Сәбит.

 

Жоба аясындағы бастапқы тестілеуден 10 мың оқушы өтті. Олардың арасынан 1 500 оқушы тереңдетілген оқуға іріктелді. Мыңнан астам қатысушы курсты аяқтап, Junior әзірлеуші сертификат алды және өзінің цифрлық өнімдерін таныстырды.

Тәжірибелік бағдарлама аясында үш хакатон офлайн форматта ұйымдастырылды. Қатысушылар онда жобалар әзірлеп, оларды сарапшылар алдында қорғады. AITK Fest 2026 қорытындысы бойынша Кремний алқабына бару мүмкіндігіне ие болған 11 жеңімпаз анықталды.

АҚШ-та оқушылар NVIDIA компаниясының техникалық бағдарламалар жөніндегі аға менеджері Абхиджит Джошимен (Abhijeet Joshi) кездесіп үлгерді.

Сапардың басты оқиғаларының бірі 3–6 қараша аралығында өтіп жатқан TechEquity AI Summit 2026 конференциясына қатысу. 5 қарашада жасанды интеллектіні дамытуға және оны түрлі салаларда қолдануға арналған конференцияға бару жоспарланған. Баяндамашылар қатарында NVIDIA, Google, Google DeepMind, Snowflake, Meta, IBM, Adobe компаниялары мен Стэнфорд университетінің сарапшылары бар.

Сонымен қатар алматылық оқушылар Company Brain Hackathon хакатонына қатысып, алған білімін іс жүзінде қолдануға және басқа әзірлеушілермен тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады.

Сапар бағдарламасына Стэнфорд университеті мен Берклидегі Калифорния университетіне (UC Berkeley) бару, олардың ғылыми-зерттеу бағыттарымен және білім алу мүмкіндіктерімен танысу да енгізілген.

Қатысушылар California PATH зерттеу бағдарламасының 40 жылдығына арналған PATH@40 халықаралық іс-шарасына да барады. Мұнда жасанды интеллект, жүргізушісіз көлік және зияткерлік қалалық инфрақұрылым салаларындағы әзірлемелер таныстырылады.

Бұл сапар оқушыларға жетекші технологиялық компаниялар мен университеттердің жұмысымен танысуға, әзірлемесін ұсынуға және халықаралық кәсіби іс-шараларға қатысу тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік береді.

предыдущий
В Алматы обнаружили уникальное золотое украшение сакской эпохи
Далее
11 школьников из Алматы отправились в Кремниевую долину для участия в международной конференции по ИИ

Последние новости:

Поиск