Алматыда түрлі елдердің ғалымдары жасанды интеллектінің білім беру саласына және жастардың болашағына әсерін талқылап жатыр

Алматыда қазақстандық және шетелдік ғалымдар, философтар, оқытушылар мен жас зерттеушілердің басын қосқан «Қазақстан қоғамының философиясы: құндылық бағдарлары мен даму мүмкіндіктері» атты IV Қазақстандық философиялық конгресс өтіп жатыр. Бұл туралы Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының өкілдері хабарлады.

Конгресс қатысушыларының басты назарында ұлттық бірегейлік, рухани-адамгершілік құндылық, білім беру саласын дамыту және цифрлық технологияның қазіргі қоғамға әсері мәселелері тұр. Іс-шара бағдарламасы аясында пленарлық отырыстар, ғылыми пікірталастар, дөңгелек үстелдер мен студенттермен кездесулер ұйымдастырылған.

Конгресте жастар тәрбиесіне, мәдени мұраны сақтауға және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасының қағидаттарына ерекше көңіл бөлінді.

 

«Бүгінде жастар орасан зор ақпарат ағынында өмір сүріп жатыр. Алайда олардың цифрлық дағдыларымен қатар сыни ойлау қабілетін, болып жатқан оқиғаларды талдай білу және өз бетінше шешім қабылдау дағдысын дамыту маңызды. Философия жас адамның өз іс-әрекетіне ой жүгіртуіне, қоғам алдындағы жауапкершілігін түсінуіне және өмірлік ұстанымдарын қалыптастыруына көмектеседі. Дәл осы қасиеттер «Адал азамат» қағидаттарының негізін құрайды», – деді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек.

 

Бағдарламаның жеке бір бөлігі жасанды интеллект мәселелеріне арналды. Ғалымдар оның білім алу тәсілдеріне ықпалын, жаңа технологияны қолдану барысында туындауы мүмкін қауіп-қатерлерді және цифрландыру жағдайында дербес ойлау қабілетін сақтаудың маңызын талқылады.

Конгресс аясында түркі және дала философиясы, ғылыми зерттеулер, сондай-ақ білім беру жүйесіндегі философиялық ойлау мәдениетіне арналған тақырыптық алаңдар да жұмыс істеп жатыр.

Азиз Кажденбектің айтуынша, мұндай зияткерлік алаңдарды тек ғылыми конференция шеңберінде ғана емес, одан тыс жерлерде де дамытып, студенттер мен жас мамандарды кеңінен тарту маңызды.

Конгресс 3–19 қараша аралығында Қазақстанның бірнеше қаласында өтеді. Алматыдан бөлек, іс-шаралар Астана, Қарағанды, Қостанай, Өскемен және басқа да қалаларда жоспарланған. Бағдарлама аясында философиялық эсселер байқауы, жас ғалымдармен кездесулер мен зияткерлік ойындар да қарастырылған.

предыдущий
В Акорде состоялась торжественная церемония встречи Президента Таджикистана Эмомали Рахмона, прибывшего в Астану с официальным визитом
Далее
В Алматы ученые из разных стран обсуждают влияние искусственного интеллекта на образование и будущее молодежи

Последние новости:

Поиск