Жаңа оқу жылына орай Алматыда 8 жаңа жалпы білім беретін мектеп пен қолданыстағы мектептердің қосымша корпустары ашылды, - деп хабарлайды alnews.
Жалпы саны 12 065 жаңа оқушы орны құрылды. Бұл туралы қалалық Білім басқармасының өкілдері айтты.
Биыл 32 922 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Оның 30 046-сы мемлекеттік мектептерге, тағы 2 876-сы жекеменшік мектептерге қабылданды.
Қазір Алматыда 362 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Онда 356 мыңға жуық бала білім алады. Өткен оқу жылымен салыстырғанда оқушылар саны шамамен 3%-ға артты, ал мемлекеттік мектептер саны 10-ға көбейді.
Жаңа мектептер қосымша оқушы орнына сұраныс жоғары аудандарда ашылды. Алатау ауданында 3 750 орындық үш мектеп, Түрксіб ауданында 6 100 орындық төрт мектеп, Жетісу ауданында 1 200 орындық бір мектеп пайдалануға берілді. №112 және №16 мектептер жанынан әрқайсысы 300 орындық қосымша корпустар ашылды.
«Келешек мектептері» жобасы аясында Алматыда жалпы сыйымдылығы 34 800 орын болатын 21 мектеп пайдалануға берілді.
Сонымен қатар қолданыстағы білім беру инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. №60, №160 және №124 мектептерді қайта жаңғырту аяқталды. №15 мектеп-интернат та жөндеуден кейін қайта ашылды. 164 мектепте ағымдағы жөндеу жүргізілді. Мемлекеттік білім беру ұйымдарында химия, физика, биология, STEM және робототехника бойынша 1 130 заманауи кабинет жабдықталды.
Әлеуметтік қолдау шаралары да жалғасып жатыр. «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік осал санаттағы 7 669 балаға мектеп формасы мен оқу құралдарын сатып алуға 60 мың теңгеден берілді. 133 мың бала тегін ыстық тамақпен қамтылды.
Қаладағы барлық мектеп интернет желісіне қосылған. 235 мектепте талшықты-оптикалық байланыс желілерінің арқасында интернет жылдамдығы 100 Мбит/с-қа жетеді.
Қауіпсіздік пен көлік қолжетімділігіне де ерекше көңіл бөлінген. 202 мемлекеттік балабақша мен 235 мемлекеттік мектеп кешенді қауіпсіздік жүйелерімен толық жабдықталған. «Мектеп автобусы» жобасы аясында 60 мектептің 11 мыңнан астам оқушысы тасымалмен қамтылған. Бұл үшін 250 автобус жұмылдырылды.