5 қыркүйек – ұлт ұстазы, қазақтың рухани-ғылыми ойының көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Осы айтулы датаға орай Алматы қаласындағы А.Байтұрсынұлы музей-үйінде «Бір мақсат, бір мүдде: Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ зиялылары» атты тағылымды дөңгелек үстел өтті, - деп хабарлайды alnews.
Нұрлан СҮЙІН. Бұл басқосу кеше өткен «Ұлт ұстазын ұлықтау» атты дөңгелек үстелдің заңды жалғасы іспетті болды. Екі шараны сабақтастырып тұрған өзек – Ахмет Байтұрсынұлының ұлт алдындағы ұлы мұрасын бүгінгі ұрпаққа жеткізу, Алаш зиялыларының елдік мұратын жаңғырту және олардың ғылыми-рухани ұстанымдарының қазіргі қоғам үшін маңызын айқындау.
Мерекелік шара алдымен Ахмет Байтұрсынұлы саябағындағы ұлт ұстазының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Оған зиялы қауым өкілдерімен бірге білім алушылар, ұстаздар, ғалымдар, музей қызметкерлері мен Ахмет Байтұрсынұлының туыстары қатысты. Алматы қаласы Жетісу ауданы №102 мектеп оқушылары да тағылымды шараның басынан аяғына дейін белсене араласты.
Дөңгелек үстелді А.Байтұрсынұлы музей-үйінің ғылыми қызметкері Әділет Ахмет жүргізді.
Шараның құттықтау бөлімінде Алматы қаласы әкімі аппаратының тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Қалымбет Бақыт Әбиірұлы жылы лебізін білдірді. Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, академик, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиев, филология ғылымдарының кандидаты, А.Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі, ахметтанушы Имаханбет Райхан Сахыбекқызы, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің профессоры Салқынбек Досалы Исаханұлы да ұлт ұстазының мұрасын ұлықтаудың маңызына тоқталды. Аталған тағылымды шараға Д. Салқынбектің бастауымен қырық студент қатысты.
Кездесудің ерекше толқынысты сәттерінің бірі – ғалым, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат орденінің» және «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері Асылы Османның сөзі болды. Тіл тағдыры мен ұлт мұратын өмірлік ұстанымына айналдырған ғалым А.Байтұрсынұлы бастаған Алаш арыстарының ел үшін атқарған еңбегіне айрықша тоқталып, өзіне көрсетілген құрметке ағынан жарыла алғысын жеткізді.
Сондай-ақ Қыздар педагогикалық университетінің аға оқытушысы Тұрғанбаева Тоты Тілеуғазықызы да марапатталған азаматтардың қатарынан көрінді. Екі азаматқа тілге деген айрықша еңбегі мен құрметі үшін министрлік тарапынан көрсетілген марапаттың табысталуы шараның мазмұнын тереңдете түсті.
Дөңгелек үстел барысында Алаш мұрасы жай ғана тарихи жәдігер емес, бүгінгі ұлттың рухани темірқазығы екені жан-жақты айтылды. Ғалымдар Ахмет Байтұрсынұлының тіл білімі, ағартушылық, ұлттық баспасөз, әдебиеттану салаларындағы еңбектерін бүгінгі ғылыми ізденістермен сабақтастыра отырып, оның ойларының уақыт өткен сайын жаңаша қырынан ашыла түсетінін атап өтті.
Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің қауымдастырылған профессоры Қабдөшев Болат Жоламанұлы арнайы баяндама жасап, Алаш зиялыларының елдік ұстанымдары мен ғылыми мұрасының мән-маңызына тоқталды.
Жиынның жүрекке ерекше жылу берген тұсы – Ахмет Байтұрсынұлының туыс ұрпақтары Серік Самыратұлы Байтұрсынов пен Шынболат Әмірұлының қатысуы болды. Олар арнайы дастархан жайып, Құран бағыштау рәсімін ұйымдастырды. Бұл – ұлт ұстазының рухына тағзым ғана емес, ұрпақ сабақтастығының жарқын көрінісі еді.
Шараға Алматы облысы Қарасай ауданындағы Б.Момышұлы атындағы мектептің мұғалімі Өмірзақов Жандос мектеп оқушыларымен бірге арнайы келіп қатысты. Олардың Алаш тарихына деген қызығушылығы жиынның тәрбиелік мәнін арттыра түсті.
Дөңгелек үстелдің мазмұнды бөлігінің бірі Қазақ-Британ университетінен келген ғалымдардың сөздері болды. Филология ғылымдарының докторы, көптеген оқулықтардың авторы, белгілі лингвист ғалым Жанат Дәулетбекова мен аға оқытушы, ғылым кандидаты Әлия өздерінің салмақты ой-пікірлерін ортаға салды. Жанат Дәулетбекова өзінің жақында жарық көрген «Тірі білім теориясы – концептуалдық тұжырым» атты ғылыми монографиясын А.Байтұрсынұлы музей-үйіне сыйға тартты.
Бұл сыйлықты кездейсоқ тарту деуге болмайды. Ахмет Байтұрсынұлының бүкіл ғұмыры – білімді тірі күшке, ғылымды ұлтты алға сүйрейтін құралға айналдырудың үлгісі. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа ғылыми еңбектің музей қорына табысталуы Алаш идеясы мен қазіргі ғылыми ізденістің өзара сабақтастығын аңғартқан символдық сәт болды.
Жиынға Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві директорының орынбасары, танымал архивші әрі зерттеуші Мәрзия Ғаниқызы Жылысбаева, филология ғылымының докторы, доцент, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Гүлжаһан Жұмабердіқызы Орда да қатысып, өз ойларын ортаға салды.
Алаш рухын ұрпаққа жеткізудің ең әсерлі жолы – тарихи деректі жүрекпен сабақтастыру. Осы орайда жиынның тағы бір толқынысты сәті Талғар ауданындағы Алаш ұлттық мектебінің 2-сынып оқушысы Ахметтің ұлт ұстазының өлеңін мәнерлеп оқуымен жалғасты. Ал аудандық тағылым-тәлімжайынан Лаура ұстаз әріптестерімен бірге арнайы келіп, жас ұрпақтың рухани тәрбиесіне қатысты ізгі ниетін білдірді.
Кездесудің әсерін еселей түскен ерекше әңгімелердің бірін Ж.Аймауытовтың «Қартқожа» романының бас кейіпкері Қартқожаның немересі Жансая Төлегқызы Тоғанбаева айтты. Ол Алаш арыстары мен өзінің атасы арасындағы сыйластық, қиын-қыстау кезеңдегі достық қарым-қатынастар туралы естеліктерімен бөлісті. Кітап беттеріндегі тарихтың ұрпақ жадында сақталған тірі әңгімелермен астасуы көпшіліктің көңілін толқытты.
Алаш арыстары туралы сөз болғанда, ең алдымен олардың елге қызмет етудегі табандылығы, ұлттың ертеңін ойлаған көрегендігі, білім мен ғылымды азаттықтың басты тірегі санаған ұстанымы еске түседі. Ахмет Байтұрсынұлының «ұлтқа қызмет ету» идеясы оның әрбір ісінен көрінді. Ол үшін тіл – ұлттың жаны, білім – елдің болашағы, ал баспасөз – халықтың көзін ашатын рухани құрал болды.
Бүгінгі ұрпақтың міндеті – Алаш арыстарының есімін ғана ұлықтау емес, олар ұстанған елдік принциптерді өмірге айналдыру. Дөңгелек үстел барысында айтылған әрбір ойдың өзегінде осы идея жатты.
Шараның соңында қатысушылар А.Байтұрсынұлы музей-үйін аралап, тарихи жәдігерлермен танысты. Естелік суретке түсіп, тағылымды кездесудің әсерін бөлісті.
Музей-үйде сондай-ақ күні бойы «Арыстар» фотокөрмесі ұйымдастырылып, келушілерге Алаш қайраткерлерінің өмірі мен қызметіне қатысты құнды фотоматериалдар ұсынылды.
Ұлт ұстазының туған күнінде өткен бұл басқосу – бір күндік шара ғана емес, Алаш аманатына адалдықтың, ұрпақтар сабақтастығының, ғылым мен руханияттың тоғысқан тағылымды алаңы болды.
Ахмет Байтұрсынұлы өмір сүрген дәуір алыстағанымен, оның сөзі мен ойы, ғылымы мен ұстанымы халық жадынан өшкен жоқ. Керісінше, уақыт өткен сайын ұлт ұстазының мұрасы жаңа қырынан танылып, жас ұрпақтың рухани темірқазығына айналып келеді.