Алматы құрамасы сурдлимпиадалық спорт түрлерінен Қазақстан Республикасының IV Спартакиадасында жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды, - деп хабарлайды alnews.
Қала спортшылары жарысты 92 медальмен аяқтады: 29 алтын, 31 күміс және 32 қола. Бұл туралы Алматы қаласы Спорт басқармасының өкілдері хабарлады.
Республикалық Спартакиада 10-25 тамыз аралығында Алматыда, Алматы облысында және Оралда өтті. Жарысқа еліміздің 19 өңірінен 1500-ден астам спортшы қатысты. Спорттың 10 түрінен 274 медаль жиынтығы сарапқа салынды.
Спартакиада қорытындысы бойынша Алматы құрамасы 228 ұпай жинап, жалпыкомандалық есепте жеңімпаз атанды. 186 ұпаймен Жамбыл облысы екінші орын алса, 155 ұпай жинаған Астана үздік үштікті түйіндеді.
Алматылық спортшылар он спорт түрінің тоғызында командалық жүлдеге ие болды. Қала құрамасы грек-рим күресі, бадминтон, шахмат және жеңіл атлетикадан бірінші орын алды. Үстел теннисі, дзюдо және таеквондодан екінші, ал еркін күрес пен футболдан үшінші орын иеленді.
Алматылық спортшылар әсіресе, жеңіл атлетикада жоғары нәтиже көрсетті. Үш жарыс күнінің қорытындысы бойынша команда 8 алтын, 9 күміс және 4 қола медаль жеңіп алып, осы спорт түрінен жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды.
Жалпы алғанда, Алматы спортшыларының еншісінде 92 медаль бар. Спартакиада төрт жылда бір рет өткізіледі және сурдлимпиадалық спортты дамытуға, есту қабілеті бұзылған спортшылардың шеберлігін арттыруға, сондай-ақ ұлттық құрама сапына үздік спортшыларды іріктеуге бағытталған.