Алматыда 4 қазанда Қазақстан-Британ техникалық университетінің алаңында Recycle Бірге экологиялық акциясы өтті, - деп хабарлайды alnews.
Қала тұрғындары қайталама шикізатты сұрыптауға өткізіп, өзара зат алмасып, экологиялық бастамалармен таныса алды. Бұл туралы «Eco Almaty» ЖШС өкілдері хабарлады.
Акцияның негізгі бағыттарының бірі – заттарды қайта пайдалану болды. Қатысушылар өздеріне қажет болмай қалған киім-кешек пен басқа да заттарды өзгелерге беріп, олардың пайдалану мерзімін ұзартуға және қалдық көлемін азайтуға мүмкіндік алды.
Сондай-ақ алаңда кейіннен сұрыптау үшін қайталама шикізат қабылдау ұйымдастырылды. Қатысушыларға қалдықтарды бөлек жинау және оларды тиімді басқару қағидаттары түсіндірілді.
Recycle Бірге жобасы Алматыда 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде қалада қалдықтарды бөлек жинауға, заттарды қайта пайдалануға және жауапты тұтынуға бағытталған экологиялық акциялар өткізілді.
Іс-шара «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Алмалы ауданы әкімдігі мен Қазақстан-Британ техникалық университетінің қолдауымен ұйымдастырылды. Биыл акция Алмалы ауданының 90 жылдығына да орайластырылды.
Қазан айындағы кездесу ашық қалалық алаңдарда өткен Recycle Бірге іс-шаралары маусымын қорытындылады. Күзгі-қысқы кезеңнің басталуына байланысты жобаның экологиялық жұмысы алдағы уақытта басқа форматтарда жалғасады.