Спорттық гимнастикадан үш дүркін Олимпиада чемпионы Ли Нин Алматыдағы №9 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебіне барды. Бұл туралы Алматы қаласы Спорт басқармасының өкілдері хабарлады.
Кездесу мектептің жаттығу залында өтті. Жас спортшылар арнайы көрсетілім ұйымдастырып, спорттық гимнастиканың түрлі элементтерін орындады. Ли Нин тәрбиеленушілердің дайындығымен танысып, олардың жаттығу барысын тамашалады.
Олимпиада чемпионы жас спортшыларға қол жеткізген жетістіктерімен шектелмей, жаттығуды жалғастырып, алға қойған спорттық мақсаттарына табандылықпен ұмтылуға тілектестік білдірді. Көрсетілімнен кейін балалар әйгілі гимнасттан қолтаңба алды.
Сапар барысында Ли Нин бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен де тілдесіп, спорт пен өзінің кәсіби мансабына қатысты сұрақтарға жауап берді.
Ли Нин – Қытайдың ең танымал гимнастарының бірі. Ол 1984 жылы Лос-Анджелесте өткен Олимпиада ойындарында бірден алты медаль жеңіп алды. Оның үшеуі – алтын. Осы нәтижесімен Ли Нин сол Олимпиададағы ең табысты гимнастардың біріне айналды.
Алматылық жас спортшылар үшін бұл кездесу Олимпиада чемпионымен жүздесіп, әлемдік гимнастика тарихында өзіндік із қалдырған спортшымен тікелей тілдесуге мүмкіндік берді.