GITEX AI Kazakhstan 2027: өңірге құйылатын миллиардтаған инвестиция аясында жасанды интеллектіні кеңінен енгізуге серпін береді

2027 жылы 7-8 маусымда Алматыда GITEX AI Kazakhstan көрмесі екінші рет өтеді, - деп хабарлайды alnews.

Технология мен жасанды интеллект саласындағы өңірдегі ең ірі іс-шара халықаралық инвестиция тартуға, сондай-ақ ЖИ инфрақұрылымын, энергетика мен өнеркәсіпті дамытуға ықпал етеді.

Алматы, Қазақстан. Орталық Азия мен Кавказ технологиялық дамудың жаңа кезеңіне қадам басып келеді. Жасанды интеллект саласындағы миллиардтаған долларлық жобалар нақты жүзеге аса бастады. Өңір Еуразияның цифрлық орталығына айналуды көздеп отыр.

Өңір елдері цифрлық саладағы ынтымақтастықты барған сайын нығайтып келеді. Statista болжамына сәйкес, 2029 жылға қарай өңірлік IT-қызметтер нарығының көлемі 5,6 млрд долларға жетеді. Қазақстан 2025 жылдың қорытындысы бойынша IT-қызметтер экспортынан алғаш рет 1 млрд доллардан астам табыс тапты. Атап айтқанда, бұл көрсеткіш 2020 жылы 33,5 млн доллардан 2025 жылы 1,142 млрд долларға дейін өсіп, бес жыл ішінде 34 есеге артты. Осындай жағдайда GITEX AI Kazakhstan көрмесінің екінші рет өткізілуі цифрлық саладағы мақсат-міндеттерді жасанды интеллектіні кеңінен енгізу арқылы нақты іске асыруға мүмкіндік береді. Көрме инфрақұрылым, энергетика және өнеркәсіп салаларын жаңғыртуға ықпал етіп, Қазақстанның ЖИ әзірлеу, инвестиция тарту және инновацияларды дамыту бағытындағы Еуразияның маңызды орталығы ретіндегі орнын нығайтады.

GITEX AI Kazakhstan 2027 халықаралық көрмесі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен 7-8 маусымда Алматыдағы «Атакент» ҚІЫО-да өтеді.

Орталық Азиядағы технология, жасанды интеллект және стартап саласындағы ең ірі іс-шара Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен, Astana Hub және Алматы қаласы әкімдігімен серіктестікте ұйымдастырылады.

2026 жылы GITEX AI Kazakhstan Орталық Азия мен Кавказдағы технология, жасанды интеллект және цифрлық инвестиция саласындағы маңызды іс-шара ретінде танылды. Көрмені әлемдегі технология мен ЖИ экожүйелерінің ең ірі желісі саналатын GITEX-тің жаһандық ұйымдастырушысы inD компаниясы ұйымдастырды. Екі күн ішінде көрмеге экспонент ретінде 334 компания мен стартап қатысып, оны 86 елден келген 12 000 адам тамашалады. Көрмені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ашты. Сондай-ақ іс-шара аясында Мемлекет басшысының төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысы өтті.

Кеңейтілген бағдарлама мен жаңа экспозициялар дамудың келесі кезеңіне жол ашады
GITEX AI Kazakhstan 2027 көрмесі өткен жылғы жетістіктерді жалғастырады. Биыл сатып алу және іскерлік кездесулер бағдарламасы кеңейтіліп, бес жаңа тақырыптық экспозиция ұсынылады. Олар: GITEX SuperComputeX, GITEX New EnergyX, GITEX RobotiX, GITEX Cyber Valley және GITEX Intelligent Cities x Connectivity.

Бұл бағыттар Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан жобалармен тікелей байланысты. Олардың қатарында Екібастұздағы суперкомпьютерлік қуаттарды дамыту және деректер орталықтарының жұмысына қажетті энергетикалық инфрақұрылымды қалыптастыру бар.

Жаңа экспозициялар экономикалық өсімді жеделдететін технологияларды дамыту үшін мемлекеттік органдардың, халықаралық технологиялық компаниялардың, инвесторлар мен стартап негізін қалаушылардың басын қосады. Бұл әлемдегі цифрлық экономикасы қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірінде халықаралық инвестиция тартуға, елдер арасындағы әріптестікті нығайтуға және жасанды интеллектіні кеңінен енгізуге жаңа мүмкіндіктер ашады.

2027 жылғы көрменің бағдарламасы мен негізгі мақсаттары Алматыда өткен нетворкинг кездесуінде таныстырылды. GITEX AI Kazakhstan ұйымдастырушылары мен қабылдаушы тарап өңірлік серіктестерді және технологиялық компаниялардың басшыларын шақырып, кеңейтілген күн тәртібімен таныстырды. Кездесуде ынтымақтастық, инвестиция тарту және жаңа нарықтарға шығу мүмкіндіктері талқыланды.

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев елдің Digital Qazaqstan ұлттық стратегиясы аясындағы жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі жоспарға тоқталды.

 

«Қазақстандағы ЖИ трансформациясының келесі кезеңі жасанды интеллектіні жай ғана енгізумен шектелмейді. Ең бастысы, оны кеңінен қолдануға қажетті бүкіл негізді қалыптастыру. Бұған есептеу қуаттары, энергетика, цифрлық байланыс, білікті кадрлар, реттеу тетіктері мен капитал кіреді. Қазақстан қазірдің өзінде осы бағыттағы жұмысты қолға алды. Digital Qazaqstan стратегиясы бұл өзгерістердің ұлттық деңгейдегі негізгі бағыттарын айқындайды. Ал GITEX AI Kazakhstan сияқты алаңдар еліміздің экожүйесін әлемдік технология көшбасшыларымен, инвесторлармен және серіктестермен байланыстырады. Біздің мақсатымыз – Қазақстанды жасанды интеллектіні әзірлеу, енгізу және кеңінен қолдану бойынша Еуразиядағы негізгі орталықтардың біріне айналдыру», – деді Жаслан Мәдиев.

 

Жасанды интеллект трансформациясының өңірлік бағдары
GITEX AI Kazakhstan 2027 көрмесінің кеңейтілген бағдарламасы мен халықаралық қатысушылар санының артуы жақында жарияланған «Цифрлық Жібек жолы» жобасының дамуымен тұспа-тұс келеді. Қазақстан деректер орталықтарын, ғарыштық есептеу жүйелерін, спутниктерді және Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін біріктіретін бірыңғай ЖИ инфрақұрылымын құруды жоспарлап отыр. Бұл Каспий теңізінің түбімен Әзірбайжан мен Қазақстанды байланыстыратын ұзындығы 380 шақырымдық суасты телекоммуникациялық кабелі. 

Көрменің екінші рет өткізілуі Орталық Азия мен Кавказда жасанды интеллектіні дамытуға жаңа серпін береді.

Google тапсырысы бойынша жүргізілген зерттеуге сәйкес, алдағы он жыл ішінде генеративті жасанды интеллект Армения, Әзірбайжан, Грузия және Қазақстан экономикасына жыл сайын қосымша 12-15 млрд доллар әкелуі мүмкін. Бұл аталған елдердің жиынтық жалпы ішкі өнімінің шамамен 4%-ына тең. KPMG деректеріне сәйкес, өңірдегі компаниялардың 53%-ы жасанды интеллектіні кең ауқымда енгізіп үлгерген. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен (24%) екі еседен астам жоғары. Сонымен қатар Қазақстан компаниялары бизнес шешімдерін қабылдау кезінде жасанды интеллект ұсынымдарына өңірдегі басқа елдерге қарағанда көбірек сенім артады. Бұл көрсеткіш 86%.

Қазақстан өңірдің цифрлық трансформациясында жетекші рөл атқарып келеді. Digital Qazaqstan ұлттық стратегиясы жасанды интеллектіні іс жүзінде енгізуге бағытталған. Оның аясында Ұлттық ЖИ платформасын дамыту, ЖИ технологияларын eGov мемлекеттік қызметтеріне интеграциялау және білікті мамандар даярлауға ауқымды инвестициялар салу көзделген. Жасанды интеллект туралы заң мен Цифрлық кодекс компаниялар мен инвесторлар үшін құқықтық реттеудің айқындығын қамтамасыз етеді.

NVIDIA және Firebird компанияларымен жасалған 10 млрд долларлық келісім Екібастұздағы Деректер орталықтары алқабында шамамен 100 000 графикалық процессорға (GPU) негізделген тәуелсіз ұлттық суперкомпьютерлік қуаттарды құруға мүмкіндік береді. Жергілікті технологиялық экожүйе де қарқынды дамып келеді. Бүгінде Astana Hub-та 2000-нан астам компания жұмыс істейді. Ал оның резиденттерінің IT-қызметтер экспорты 2025 жылы 633,8 млн доллар болды.

Жасанды интеллект саласындағы мақсаттарды нақты экономикалық нәтижеге қалай айналдыруға болады?
GITEX AI Kazakhstan Қазақстанның және тұтастай өңірдің жасанды интеллект пен цифрлық инфрақұрылымды дамыту саласындағы мақсаттарына сай келеді. Көрме жергілікті экожүйелер мен жаһандық технологиялық қауымдастықтарды біріктіріп, жасанды интеллект, үлкен деректер, бұлттық технология, SaaS, деректер орталықтары, энергетикалық технология, киберқауіпсіздік, байланыс және желілік инфрақұрылым бағыттарын қамтиды.

 

«Орталық Азия мен Кавказ елдері жасанды интеллектіні енді алыс болашақтың мүмкіндігі ретінде қарастырмайды. Олар нақты жоспарларды жүзеге асырып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытып, ЖИ-ді кең ауқымда енгізуге қажетті есептеу, энергетикалық, кадрлық және нормативтік негізді қалыптастырып жатыр. GITEX AI Kazakhstan осы үдерістің барлық буынын біріктіреді. Бұл өңірлік басымдықтарды инвестиция тартуға қолайлы жобаларға, коммерциялық келісімдерге және өңірдің қалаларында, өнеркәсібі мен экономикасында нақты қолданылатын технологияларға айналдыруға мүмкіндік береді», - деді GITEX бас директоры Трикси Ло Мирманд.

Алдыңғы
В Алматы продолжается реализация мер по стабилизации цен на социально значимые продукты
Келесі
GITEX AI Kazakhstan 2027 ускорит масштабное внедрение искусственного интеллекта на фоне многомиллиардных инвестиций в технологии региона

Соңғы жаңалықтар:

Іздеу