20 қыркүйекте, Қала күні, Оспанов көшесіндегі Терренкурда қазақстандық және шетелдік граффити суретшілері қатысатын арт-фестиваль өтеді, - сообщает alnews.
Іс-шара Алматыдағы заманауи көше өнерінің ашық галереясы — Street Art Avenue жобасын дамытудың жаңа кезеңіне жол ашады.
Қалада ғимараттардың қасбетін жаңарту бағдарламасы жалғасып жатыр. Жобаға енген кейбір ғимараттардың қабырғасында танымал муралдар бар. Алматыда қалыптасқан мәдени кеңістікпен сабақтастықты сақтау мақсатында осы туындылардың авторларына жаңа жұмыстар жасау ұсынылды.
Қазіргі муралдар цифрлық форматта сақталады. Олардың орналасқан жерлеріне QR-код қойылып, сол арқылы түпнұсқа жұмыстарды көруге, олардың тарихы мен авторлары туралы білуге болады. Ал суретшілердің жаңа жұмыстары Street Art Avenue кеңістігінде ұсынылады.
Іс-шараға гиперреалистік Balloon Graff туындысының авторы, британиялық суретші Fanakapan, Мәскеуден 310 / 310 Squad тобының өкілдері, беларусь суретшісі Kontra / TAKTAK, сондай-ақ қазақстандық граффити суретшілері қатысады.
Фестивальдің басты туындысы Алматының символдарының бірі қар барысына арналған ортақ композиция болмақ. Әр суретші қар барысының бейнесін өзінше көрсетіп, түрлі стиль мен техниканы бір туындыда тоғыстырады.
Күні бойы қала тұрғындары мен қонақтары муралдардың қалай жасалып жатқанын тамашалап, олардың авторларымен таныса алады.