Алматыда шағын және орта бизнес нысандарынан бөлінетін зиянды шығарындыларды азайту жұмыстары жалғасуда, - деп хабарлайды alnews.
«Eco Almaty» ЖШС мамандары дәмхана, кәуапхана, монша және техникалық қызмет көрсету станцияларының иелеріне жаңа экологиялық талаптарды түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр.
Көмір, отын және сұйық отынды пайдалануға ерекше назар аударылуда. Оларды жаққан кезде түтін, күйе және басқа да зиянды заттар бөлініп, атмосфераға таралады. Бұл жақын маңдағы тұрғын үйлердің ауа сапасының нашарлауына әкелуі мүмкін.
«Eco Almaty» ЖШС мамандарының мәліметінше, түсіндіру жұмыстары барысында мамандар кәсіпкерлік нысандарында қандай отын қолданылатынын анықтап, кәсіпкерлерге Атмосфералық ауаны қорғау қағидаларының жаңа талаптарына алдын ала дайындалу қажеттігін түсіндіреді.
Атап айтқанда, құжатта шығарындылар деңгейі төмен аймақтардың (LEZ) газдандырылған бөліктерінде өндірістік мақсатта қатты және сұйық отынды пайдалануға шектеу қарастырылған. Сондай-ақ атмосфераны ластайтын тұрақты көздерден бөлінетін шығарындыларды тазартуға қойылатын талаптар белгіленген.
Қағидалардың кейбір ережесі 2027 жылы қаңтарда күшіне енеді. Оларды LEZ аумағында іс жүзінде қолдану үшін аймақтың шекарасы әкімдіктің жеке қаулысымен бекітілуге тиіс.
Кәсіпкерлерге табиғи газға көшуді алдын ала қарастыру, жабдықтардың жай-күйін тексеру және қажет болған жағдайда шығарындыларды тазарту жүйелерін орнату ұсынылады.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары Алматының әртүрлі аудандарында жүргізіліп жатыр. Бұл шаралар кәсіпкерлерді жаңа экологиялық талаптарға дайындауға және атмосфералық ауаның ластануын азайтуға бағытталған.