Алматының Түрксіб ауданында бұрын бос жатқан екі аумақ көркейтіліп, серуендеуге арналған жолы, жарықтандыру жүйесі мен жасыл желегі бар жаңа демалыс орындары ашылды, - деп хабарлайды alnews.
Бұл жобалар «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында Жас Қанат және Жұлдыз-1 шағынаудандарында жүзеге асырылды. Бұл туралы аудан әкімдігінің өкілдері хабарлады.
Жобалардың басты ерекшелігі – бұған дейін тұрғындардың демалуына арналмаған аумақтардың толыққанды қоғамдық кеңістікке айналуы. Бұрын бос жатқан жерлерде жүргіншілер жолы төселіп, жарықтандыру жүйесі орнатылды, көгалдандырылған аумақтар мен белсенді демалыс орындары жасалды.
Ауқымды жұмыстар Жас Қанат шағынауданында жүргізілді. Мұнда 20 мың шаршы метрден астам аумақ көгалдандырылып, 6 мың шаршы метрге жуық жерге тротуар плиткасы төселді. Сонымен қатар асфальт жолдар мен резеңке жабындысы бар алаңдар жасалды.
Тұрғындар үшін 53 жарық бағаны, сәндік жарық құрылымы, орындықтар, қоқыс жәшіктері мен шағын сәулет нысандары орнатылды. Бұдан бөлек, скейт-алаң, перголасы бар демалыс орны және автоматты суару жүйесі жабдықталды.
Жұлдыз-1 шағынауданында бұрын бос жатқан жерге 950 шаршы метр тротуар плиткасы, 550 шаршы метр асфальт және 298 шаршы метр тартан жабындысы төселді. Жаңа көгалдың аумағы 2 530 шаршы метр. Жасыл желекті күтіп-баптау үшін автоматты суару жүйесі қарастырылған.
Сондай-ақ аумақта жарықтандыру жүйесі орнатылып, пергола, орындықтар, қоқыс жәшіктері мен шағын сәулет нысандары қойылды.
Жалпы, Түрксіб ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында аула, сквер мен басқа да қоғамдық аумақты көркейтуге бағытталған 24 жоба мақұлданған.