Алматы күніне орай «Алатау» дәстүрлі өнер театры XI театр маусымның шымылдығын түрді, - деп хабарлайды alnews.
Жаңа маусым аясында көрермен назарына «Mamluk. Сұлтан Бейбарыс» спектаклі ұсынылды.
Сұлтан Бейбарыс өз заманының Ұлы басқарушысы, Мәмлүк елін біріктірушісі тұлға ретінде ел есінде. Білікті көшбасшы Мысыр елін нығайтып, тұрақты елге айналдыра алды. Саундрама жанрындағы қойылымда Сұлтан Бейбарыстың өмір жолы, жауынгерлік ерлігі мен ел басқарудағы парасат-пайымы баяндалады.
Қойылымда дыбыстық және хореографиялық шешімдер, этно-фольклорлық әуендер мен жауынгерлік рухты жеткізетін сахналық элементтер өзара үйлесім тапқан. Режиссерлік шешім арқылы тарихи тұлғаның жауынгерлік болмысымен бірге адами қыры да ашылады. Өткен мен бүгінді сабақтастыра отырып, спектакль көрерменді ұлттық мұраға жаңаша көзқараспен қарауға жетелейді.
XI маусымның басты жаңалықтарының бірі – 26 және 27 қыркүйекте көрерменге алғаш ұсынылған «Қорлан» спектаклінің премьерасы.
«Қорлан» – белгілі әнші әрі ақын Естай мен аңызға айналған Қорланның мөлдір махаббатын арқау еткен жаңа сахналық туынды. Алайда спектакль бір ғана махаббат хикаясымен шектелмей, ұлт тағдыры, тарихи жады, әйел тағдыры, нәзіктік пен қайсарлықтың үйлесімі секілді тақырыптарды кеңінен қозғайды.
Қойылымдағы Қорлан бейнесі бір адамның тағдырынан әлдеқайда ауқымды. Ол мыңдаған қазақ әйелінің, ананың, жар мен қыздың тағдырын бойына жинақтаған образ ретінде көрінеді. Оның тағдырынан ашаршылық қасіреті, қуғын-сүргін зары мен соғыстың қаралы ізі аңғарылады. Соған қарамастан Қорлан – тағдыр тауқыметіне мойымаған, жаны жараланса да рухы сынбаған қазақ әйелінің бейнесі.
Осылайша, «Алатау» дәстүрлі өнер театры XI театр маусымын жаңа қойылымдармен бастап, ұлттық өнерді заманауи сахналық шешімдер арқылы көрерменге ұсынды. Алдағы уақытта театр репертуарындағы көрермен ықыласына бөленген басқа да спектакльдер көрсетіліп, жаңа маусым аясында көрермен назарына ұсыныла береді.